
Шаштың түсуі (алопеция)
Шаштың түсуі процесі тек бас терісімен ғана шектелмей, бүкіл денені де қамтуы мүмкін және уақытша әлде тұрақты болып бөлінеді. Бұл тұқым қуалау, гормоналды өзгерістер, медициналық себеп немесе қартаюдың қалыпты бөлігі болуы мүмкін. Бас терісіндегі шаштың түсуі ер адамдарда жиі кездеседі.
Тұқым қуалау арқылы түсетін шаш көбінесе қартаюмен байланысты. Кейбір адамдар емделмей немесе шашының түсінен қысылмай сол қалпында қабылдайды. Кейбір адамдар таздығынан ұялып, ерекше шаш үлгілері, макияж, бас киім немесе шарф арқылы жасыруды жөн көреді. Ал өзгелері шаштың түсуін тоқтатып, шаштың өсуін қалпына келтіру үшін емдеу үшін дәрігер көмегіне жүгінеді.
Шаш түсуін емдеу жолдарын қарастырмас бұрын, дәрігеріңізбен оның себебін және емдеу нұсқаларын талқылаған абзал.
Симптомдары
Шаш түсуі әртүрлі себептерге байланысты болады. Бұл процесс кенеттен немесе біртіндеп басталып, тек бас терісіне немесе бүкіл денеге әсер етуі мүмкін.
Басты симптомдары келесідей:
- Бастың жоғарғы бөлігіндегі шаштың біртіндеп жұқаруы. Бұл шаштың түсуінің ең кең таралған түрі және көбінесе қартаюмен байланысты. Ер адамдарда маңдайдағы шаш сызығы шегінуге бейім келеді. Әйелдерде шаштың бөліну аймағы кеңейеді. Жасы үлкен әйелдерде шаш сызығының шегінуі (фронтальды фиброзды алопеция) жиі болып тұрады.
- Дөңгелек немесе дақтар аралас таздық. Кейбір адамдар бас терісінде, сақалда немесе қастың айналасында дөңгелек немесе дақтар пайда болатын таздыққа ұшырайды. Шаш түсер алдында тері қышып немесе ауыруы мүмкін.
- Шаштың кенеттен сиреп кетуі. Физикалық немесе эмоционалдық шок шаштың босаңсуына себеп болуы мүмкін. Шашты тарағанда немесе жуған кезде бір уыс шаш түсуі мүмкін. Бұл түрі әдетте уақытша, бірақ жалпы шаштың жұқаруына әкеледі.
Бүкіл дененің шашының түсуі. Кейбір жағдайлар мен емдер, мысалы, ракқа арналған химиотерапия, бүкіл дененің шашының түсуіне әкелуі мүмкін. Шаш әдетте қайтадан өседі.
Бас терісіндегі қабыршақтану. Бұл микоз белгілері болуы мүмкін. Оны шаштың сынуы, қызару, ісіну және кейде сарысудың бөлінуі бірге жүреді.
Дәрігерге қашан қаралу керек?
Егер сіз немесе балаңызда шаштың тұрақты түсуі байқалса және емделгіңіз келсе, дәрігерге хабарласыңыз.
Сондай-ақ, егер кенеттен немесе дақты шаштың түсуі байқалса немесе шашты тарағанда әлде жуған кезде әдеттегіден көп шаш түссе, дәрігерге хабарласу керек. Шаштың кенеттен түсуі денсаулыққа қатысты негізгі проблемалардың белгісі болуы мүмкін.
Себептері
Адамдар орташа есеппен күніне 50-ден 100-ге дейін шаш талын жоғалтады. Бұл көбінесе байқалмайды, өйткені оның орнына жаңа шаштар өсіп шығады. Шаштың түсуі, әдетте, жаңа шаштар түскен шаштардың орнын баспаған кезде біліне бастайды.
Шаштың түсуі келесі факторларға байланысты болуы мүмкін:
Отбасылық тұқым қуалау. Шаштың түсуінің ең көп таралған себебі – жасқа байланысты тұқым қуалайтын жағдай. Бұл андрогенді алопеция деп аталады, ол ерлерде де, әйелдерде де кездеседі. Шаш сызығының шегінуі мен таз дақтар – ерлерде, ал әйелдерде бастың жоғарғы бөлігіндегі шаштың жұқаруы арқылы білінеді.
Гормоналды өзгерістер және медициналық проблемалар. Жүктілік, босану, менопауза және қалқанша безіндегі проблемалар сияқты гормондық өзгерістер шаштың уақытша немесе тұрақты түсуіне әкелуі мүмкін. Медициналық жағдайларға иммундық жүйеге байланысты шаштың дақты түсуіне себеп болатын алопеция, бас терісіндегі инфекциялар және трихотилломания (шаш жұлу ауруы) кіреді.
Дәрілер және қоспалар. Оба, артрит, депрессия, жүрек аурулары, подагра және қан қысымын емдеу үшін қолданылатын дәрілердің кері әсері ретінде шаш түсуі мүмкін.
Бастың радиация терапиясы. Шаш бұрынғыдай өспеуі мүмкін.
Қатты стресстік оқиға. Көптеген адамдар физикалық немесе эмоционалды күйзелістен кейін бірнеше ай өтіп, шаштың жұқаруын байқауы мүмкін.
Шаш үлгілері мен емдеу әдістері. Шашты шамадан тыс сәндеу немесе тар шаш үлгілері (мысалы, өрімдер) шаштың түсуіне әкелуі мүмкін. Ыстық маймен емдеу және химиялық қоспалар да шаштың түсуіне себеп болуы мүмкін.
Қауіп факторлары
Шаштың түсуі қаупін арттыратын факторлар келесідей:
- Анаңыздың немесе әкеңіздің отбасында таз болуы.
- Үлкен көлемде салмақ жоғалту
- Қант диабеті және жүйелі қызыл жегі сияқты медициналық жағдайлар
- Стресс
- Нашар тамақтану
Алдын алу
Шаш түсуінің көпшілігі генетикалық сипатқа ие болғандықтан (ерлер мен әйелдердегі андрогендік алопеция), бұл түрін алдын алу мүмкін емес. Дегенмен, келесі кеңестер алдын алуға көмектесуі мүмкін:
- Шашқа ұқыппен қараңыз.
- Шашыңызды тарағанда немесе жуғанда оны тартпау үшін кең тісті тарақ қолданыңыз.
- Ыстық бұйралағыштар, ыстық маймен емдеу және химиялық заттарды қолданудан аулақ болыңыз.
- Шашты ультракүлгін сәулелерден қорғаңыз.
- Темекіні тастаңыз. Зерттеулер темекі шегу мен ерлердегі таздық арасында байланыс бар екенін көрсетеді.
- Химиотерапия қабылдап жүрсеңіз, дәрігеріңізден бас салқындатқыш қалпақ туралы сұраңыз. Бұл қалпақ химиотерапия кезінде шаштың түсу қаупін азайтуы мүмкін.